Алматыда анасы 1 жасар баласын өрттен құтқару үшін екінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберді

Алматыда анасы 1 жасар баласын өрттен құтқару үшін екінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберді
Көрші үйде тұратын 25 жастағы ер азамат жанып жатқан үйден 2013 және 2016 жылғы екі баланы аман алып шыққан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда екі қабатты жатақханада өрт болды. Көрші үйде тұратын ер адам өрт болған үйдегілерге көмек көрсетті, деп хабарлайды Stan.kz .

ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовтің мәліметінше, екі қабатты жекеменшік жатақханадағы өрт туралы хабарлама 11 наурызда сағат 18:21-де Алматы қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі «101» қашықтан басқару пультіне келіп түсті. Оқиға Жетісу ауданындағы Первомайский көшесінде болған.

Бірінші қабаттағы бөлмеде өрт шығып, қызыл жалын жалпы ауданы 80 ш.м. болатын жерді шарпыды. Көрші үйде тұратын 25 жастағы ер азамат жанып жатқан үйден 2013 және 2016 жылғы екі баланы аман алып шыққан. Ал, бір жасар сәбиді анасы екінші қабаттың терезесінен далаға лақтырған. Абырой болғанда сыртта тұрған адамдар сәбиді қағып алды.

Өрт сөндіру бөлімшелерінің күшімен өрт ауыздықталды.

Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндіру үшін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің 32 қызметкері мен 9 өрт сөндіру техникасы бөлімі тартылды.

Балаларды құтқарған ер адам ерлігі үшін Алматы қаласының төтенше жағдайлар басқармасы атынан марапатталады.

Новости партнеров