ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ММ-нің сейсмикалық стансалар желісі 4 маусымда сағат 6:12-де жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Зілзаланың ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 243 шақырым қашықта Қырғызстан мен Қытай шекарасында болды. Энергетикалық класы 9.7. Тербелісі 3.7 MPV. Тереңдігі 10 шақырым. Жер дүмпуі Алматыда сезілмеді.
Еске сала кетсек, Қазақстанда жер сілкінісі жиі болатын аймақтарда 7 миллионға жуық халық тұрады. Елімізде сейсмикалық аудандар шамамен 475 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Қарқындылығы 6 және одан жоғары зілзалаға ұшыраған аудандар ел аумағының 42,9 пайызы. Жер сілкінісі жиі болатын аймақтардың ішінде 9 балдық аумақта 2 млн адам (Алматы қаласында – 1,8 млн), 8 балдық аумақта – 1,1 млн, 7 балдықта 2 млн және 6 балдық аумақта 1,2 млн тұрады.