Жылдамдық асырып, 111 рет жол ережесін бұзған жүргізуші анықталды

25.01.2024 15:25

Оның 2,5 млн теңгеден астам айыппұлы болған

polisia.kz

Полиция қызметкерлері облыс орталығының аумағын патрульдеу кезінде "Қорғау" жүйесінің көмегімен Астана қаласынан бағыттама берілген Kia Rio автокөлігін анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Көлік жүргізушісі Астанада, Таразда және Қазақстанның басқа өңірлерінде 111 рет жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзып, барлығы 2,5 миллион теңгеден астам сомада айыппұлы болған.

Көбіне жылдамдықты асырғаны үшін аппараттық-бағдарламалық кешендер мен камераларға түскен. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

"Қорғау" мобильді қосымшасы жол қозғалысын автоматты түрде қадағалау тиімділігін арттыру мақсатында енгізілді. Онда Ішкі істер министрлігінің аппараттық-бағдарламалық кешендері, мобильді қосымшалары біріктірілген, ондағы мәліметтер полиция қызметкерлерінің планшеттеріне түседі.

Бұл нақты уақыт режимінде сақтандыру полисінсіз пайдаланылатын жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін, бағыттамалар бойынша іздестірілетін көліктер, соның ішінде айыппұл бойынша берешегі бар жол ережесін қасақана бұзушыларды және тағы басқа заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік жол апаты: СҚО-да 2 адам көз жұмды