СҚО-да жантүршігерлік жол апатынан 2 адам көз жұмды. Оқыс оқиға республикалық маңызы бар Жезқазған-Петропавл тас жолында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Қызылжар ауданында болған жол-көлік оқиғасы таспаланған бейнежазба. Әлеуметтік желіде желдей ескен кадрлар көпшіліктің үрейін ұшырды. Оқыс оқиға кеше күндіз шамамен сағат 16:00-де болған.
– Жантүршігерлік жол апаты болды. Мен жанынан өтіп бара жатқанмын. Жерде адамдардың жатқанын, көліктердің сау тамтығы қалмағанын көрдім. Полиция мен медицина қызметкерлері жұмыс істеп жатқан. Мұндай ауа райында жолға шығу қауіпті. Абай болу қажет, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Қанат Зікірин.
Жол көлік оқиғасы салдарынан 2 азамат оқиға орнында мерт болды. Тағы төрт адам медициналық көмекке жүгінген. Оның үшеуі – әйел, олар Есіл орталық аудандық ауруханасына жеткізіліпті. Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
– Ер адам Петропавлдағы көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Кеше бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Енді толық тексерістен өткеннен кейін, бүгін дәрігерлер травматология бөлімшесіне ауыстырды. Жағдайы тұрақты, – деді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлау
Қазір полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Автокөліктер мамандандырылған тұраққа қойылды.
Айта кетейік, биыл өңірде 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 4 адам қаза тапқан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда көп.
Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жаяу жүргіншінің өміріне төнетін қауіпті азайтады: жоба қолдау таба ма