Шымкентте мейірбике 10 айлық балаға ыстық сумен клизма жасаған

Шымкентте мейірбике 10 айлық балаға ыстық сумен клизма жасаған
Сәби жансақтау бөліміне түсіп қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте 10 айлық сәбиге инфекциялық ауруханада клизма жасағаннан кейін жансақтау бөліміне түсіп қалған. Ата-анасының сөзінше, мейірбике аталған процедураны жасаған кезде ыстық суды қолданған.

Бұл туралы Vera.kz басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Басылым мәліметінше, 26 наурызда анасы мен сәбиін ауруханаға жатқызған. Сәбидің іші ауырған екен. Оның жағдайы жақсарып келе жатқанымен, 29 наурызда клизма жасаған. Мұнан кейін сәби жансақтау бөліміне түсіп қалыпты.

Сәбидің әкесінің сөзінше, мейірбике клизма жасаған кезде ыстық суды қолданған.

«Клизма жасаған кезде анасы не үшін ыстық сумен жасап жатқанын сұрапты. Оны баланың жанына кіргізбей қойған. Клизма жасағанда анасы жанында болмаған. «Өзіміз білеміз», - деген. Клизманы аға мейірбике жасапты. Бала айқайлап жылай бастаған. Тіпті ол жерінен қан ағыпты», - дейді баланың әкесі.

Ер адамның сөзінше, ұлын жансақтау бөліміне жіберген. Қазіргі уақытта сәбиге ауруды басатын препараттар салынуда және ол дәретке отыратын кезде қиналады екен.

Өз сөзінде әкесі ұлын күйік бөлімінің дәрігерлері мен проктолог қарағанын айтты.

Оқиғадан кейін сәбидің ата-анасы құқық қорғау органдарына шағымданған.

Әкесі осы жағдайдың салдарынан болашақта ұлының денсаулығында қиындықтар бола ма деп қорқады.

Ал, оқиғаға қатысты пікір білдірген инфекциялық аурухананың бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев бұл жағдайды комиссия тексеріп жатқанын айтты. Екі мейірбике уақытша жұмысынан шеттетілген екен. Олардың оқиғаға қатысы бар болуы мүмкін.

«Баланың жағдайы қанағаттанарлық. Анасымен сөйлестім. Ол кімнің шағымданғанын білмейді», - дейді Нұрлыбаев.

Басылым мәліметінше, бұл отбасының үшінші баласы. Бір жыл бұрын отбасында қайғылы жағдай орын алып, балаларының бірі суға батып көз жұмған екен.


Новости партнеров