Астана-Петропавл тасжолының 112-шақырымында екі жүк көлігі соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің дерегінше, жол апаты 1 сәуір күні болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, сағат 20:58-де Көкшетау жақтан келе жатқан DAF XF 95-480 маркалы көлігі жолдың шетінде тұрған КамАЗ-дың артына соғылған. Болжам бойынша, жол шетінде тұрған жүк көлігі ешқандай белгі бермеген, дабыл жарығы жанбаған.
Соқтығысу салдарынан қос көлік те аударылып, жолдың екінші және үшінші жолақтарын жауып тастады. «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды. DAF жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
«Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді ведомстводан.
Оқи отырыңыз: Орал қаласында Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кетті