Павлодарда бір жарым жасар қыз 9-қабаттан құлап кетті

16.05.2022 15:29

Бүлдіршіннің жағдайы өте ауыр

Константин Шелков/ Pavlodarnews.kz

Бір жарым жасар қыз 9-қабаттың терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың мәліметінше, 15 мамырда сағат 18.17-де Павлодардағы 103 қызметіне қала тұрғындары қоңырау шалып, Толстой көшесі, 90 мекенжайында орналасқан үйдің тоғызыншы қабатынан кішкентай қыз құлап кеткенін айтқан.

Дәрігерлер 6 минут ішінде оқиға орнында болды. Жедел жәрдем сәбиді шұғыл облыстық балалар ауруханасына жеткізді.

Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылдың 5 қаңтарында дүниеге келген қыз ауруханаға ауыр бас сүйек-ми жарақаты, мидың ауыр дәрежеде соғылуы, мидың ісінуі диагнозымен түскен.

Сонымен қатар 3-дәрежелі кома күйде болған, өкпесіне, бүйрегіне зақым келген, бауыры жыртылған, 3-дәрежелі зақымданудан шок алған, қан ұюы бұзылып, ауыр дәрежеде қаназдыққа шалдыққан.

Зардап шегушінің жағдайы өте ауыр, ол жасанды тыныс алдыру аппаратында жатыр.

Теги: құлады