Бес адам зардап шекті
Жезқазғанда 5 жастағы бала көлік тізгіндеп, бірнеше адамды қағып кетті. Салдарынан 5 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға 25 мамырда қаладағы мейрамханалардың бірінің алдында болған. Бейне материалдан көліктің артқа қарай жүріп, адамдарды соққанын анық көруге болады. Кішкентай баланың көліктен шығып, қашып бара жатқаны да бейнебақылауға түсіп қалған. Бірнеше секундтан кейін автомобильден әйел адам да түседі. Ұлытау облыстық Полиция департаменті жағдайға түсініктеме берді.
– "Мазда" автокөлігі тежегіштен шығып кетіп, артқа жүру салдарынан 4 жүргіншімен соқтығысқан. Соның салдарынан 4 азамат Жезқазған қаласының ауруханасына қаралған. Бүгінгі күні азаматтардың денсаулығы бірқалыпты. Полиция органдары тергеу амалдарын жүргізуде. Заңды шешім қабылданады, – деді Жезқазған қаласы Полиция бөлімінің бастығы Асхат Дүйсембек.
Ресми мәліметке сүйенсек, ауруханаға түскен төрт адамның үшеуі – әйел, біреуі – ер адам. Ер адамның қабырғалары сынған, ішкі ағзасы көгерген. Ал зардап шеккен үш әйел амбулаторлық емделуге жіберілді, олардың да ішкі ағзасы зақымданған.
Оқи отырыңыз: Жаппай төбелес: Ақтөбеде 18 жастағы азамат ажал құшты