Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ
Өткен түні Қазақстанның төрт өңірінде өрт шықты, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, 9 маусым күні сағат 23:02-де Ақтөбе облысының Темір ауданындағы орталық аудандық аурухананың екіқабатты ғимаратында 530 шаршы метр аумаққа тараған өрт шықты. ТЖД қызметкерлерінің күшімен 32 адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Өрт 10 маусым күні сағат 00:41-де толық сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Оны сөндіруге ТЖД күш-құралдары мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері (22 адам, 5 техника) жұмылдырылған.
10 маусым күні сағат 00:50-де Ақмола облысының Степногор қаласындағы «Рассвет» саяжай кооперативінде орналасқан тұрғын үй, одан бөлек тұрған шаруа құрылысы, үйдің қоршауы мен жылыжай өртенді. Үйдің үстіңгі жабыны опырылып құлаған.
Жалын 28 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрт сағат 03:40-та сөндірілді. Оқиға орнынан бес адамның денесі табылды. Қаза тапқан тағы бір ер адамның кім екені және өрттің шығу себебі анықталуда.
Өртпен күресте ТЖД күш-құрылымдары, кезекші тергеу жедел тобының қызметкерлері (12 адам, 3 техника) жұмылдырылған.
«10 маусым күні сағат 01:21-де Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласындағы «Дельфин» монша кешенінің аумағында орналасқан екі қабатты ғимараттың екінші қабаты өртеніп, жалын 40 шаршы метр аумаққа тараған. Өрт сағат 02:37-де толық сөндірілді. Өрт сөндірушілер келгенше екінші қабаттағы терезеден секіріп шыққан екі адам ауруханаға жеткізілді. ТЖД қызметкерлері арнайы сатының көмегімен үш адамды құтқарды», - делінген хабарламада.
Өртпен күреске ТЖД, кезекші тергеу жедел тобының 30 қызметкері, 8 техника бірлігі жұмылдырылды.
«Сондай-ақ, 10 маусым күні сағат 00:41-де Қостанай облысына қарасты Федоров ауданының Первомай ауылында екі пәтерлі жекеменшік тұрғын үйдің 60 шаршы метрінде өрт шығып, көрші пәтерге тарады. Жалын жалпы 100 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сағат 04:00-де толық сөндірілді», - делінген ТЖК хабарламасында.
Оның салдарынан балаларды құтқару кезінде күйік шалған 1972 және 1990 жылғы ер адамдар мен 2014 жылғы бір бала ауруханаға жеткізілді. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Тілсіз жаумен күресте ТЖД, кезекші тергеу жедел тобы, ерікті өрт сөндірушілер құрылымынан 26 адам мен 5 техника жұмылдырылды.