Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша мамандар видеожетонмен қамтамасыз етілуге тиіс
Алматыда жедел жәрдем қызметкерлерін пәтерге қамап, қол көтерген үш адам әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Медицина мамандарын көмекке шақыртып, кейін оларды қамап қойған пәтер иесіне шара қолданылады. Ол қызмет бабымен келген дәрігерлері балағаттап, қол көтерген. Болмашы жарақаты үшін "ауруханаға апар" деп әлек салған қала тұрғыны қамауға алынды.
- Тәртіп сақшылары ішімдік ішіп, тыныштықты бұзып, тіркеусіз тұрып жатқан үш азаматқа қатысты шара қолданды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі, - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Тексеруге келген мамандар жарақаттың болмашы екенін байқап, үйінен емделуге кеңес береді. Алайда мас күйдегі әйелі ауруханаға апаруын талап еткен. Дәрігерлер мұндай оқиғалардың жиі кездесетінін айтады. Екі-үш жылдың ішінде алматылық фельдшерлерге 30-дан аса шабуыл жасалыпты. Бірақ бұзақылардың басым бөлігі дәлел болмаған соң жазадан құтылып кеткен. Өйткені сала мамандары әлі күнге дейін видеоға түсіретін құралмен қамтылмаған.
- Денсаулық сақтау министрлігінің №225 бұйрығы бойынша жедел жәрдем қызметкерлері видео жетонмен қамтамасыз етілуге тиіс. Қазір осы процесс бойынша жұмыс жүргізілуде. Егер бұл толық шешімін табатын болса, осындай жағдайлар, яғни бейәдеп сөз, дөрекілік, күш көрсетулер 50 пайыздан жоғары жойылады деген сенімдеміз, - дейді Алматы медициналық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Шайхидин Бәдіров.
Оқи отырыңыз: Қызылордада адамдарға пышақ жарақатын салған адам ұсталды