Ер адам көлік сатып алуға келген азаматты пышақтап, 10 млн теңгесін тартып алған

13.10.2021 21:03

Жедел уәкілдер күдіктіні тез арада анықтап, қолға түсірді

Polisia.kz

Алматы облысының тұрғыны өзінен көлік сатып алуға келген азаматты пышақтап, 10 млн теңгесін алып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының кезекші бөліміне аудандық ауруханаға арқа тұсына сұғылған пышақ жарақаты бар 33 жастағы алматылықтың жеткізілгені туралы хабар түседі. Емдеу мекемесіне жеткен жедел-тергеу тобы аталған фактіні растап, іздеу шараларын бастап кеткен.

Кейін сатушымен кездесу кезінде күдіктінің суық қару қолданып, зардап шегушіден 10 миллион теңге көлемінде ақшасын тартып алғаны анықталды.

Айта кетейік, жапа шеккен азамат күдіктіден Tоyota Camry 70 автокөлігін сатып алмақ болған. Кездесу Есік қаласында өткен.  

«Күдікті ер адам сатып алушымен кездесу кезінде оған суық қару қолданып, 10 млн теңге көлемінде ақшасын тартып алған. Жедел уәкілдер күдіктіні тез арада анықтап, қолға түсірді. Ол Есік қаласының 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің192-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс-қозғалды. Ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Теги: көлік ақша