Тараздағы төтенше жағдай: президенттің тапсырмасымен комиссия құрылды

tengrinews.kz
tengrinews.kz
Комиссия мүшелері Тараз қаласына аттанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Тараз қаласындағы төтенше жағдайды тергеуге қатысты үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысының баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, 27 ақпанда сағат 06:21-де Тараз қаласындағы 9-шы шағынаудандағы 62-ші үйде жарылыс болған. Төтенше оқиға салдарынан тұрғын үйдің 1-3 қабаттары құлаған. Бастапқы деректер бойынша, жарылыс екінші қабаттағы 46-шы пәтерде шығыпты.

Төтенше жағдайлар комитетінің күшімен қажетті мамандар мен техника жұмылдырылып, үйдің барлық тұрғыны көшірілді. Үйінді астынан 8 адам шығарылды, екеуі қаза тапқан. Зардап шеккендердің халі - орташа ауыр.

Тараз қаласындағы төтенше жағдай туралы үкімет басшысы Асқар Мамин президентке шұғыл баяндады.

Назарбаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері Тараз қаласына аттанды.

Апат болған үйдің тұрғындары осы үйге жақын маңдағы №47 мектепке орналастырылды, ыстық тамақпен қамтылды, уақытша тұруға қажетті жағдай жасалған. Медицина қызметкерлері мен психологтар тұрғындармен жұмыс істеп жатыр.

Төтенше жағдайлар комитетінің бастапқы мәліметі бойынша, жарылыс газ жабдығын пайдалануда қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан болған.

Оқиға орнында жедел штаб құрылды.


Новости партнеров