Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 16-ға жетті, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
- 252 адамның 205-і жер астынан шығарылды, оның 18-і медициналық көмекке жүгінген. 31 кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнында 16 кеншінің мәйіті табылды. Апат орнында КӘАҚҚ құтқарушылары жұмыс істеп жатыр. Штаб жұмыс істеп тұр, - делінген хабарламада.
Костенко шахтасында болған оқиғаға байланысты "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында Төтенше жағдайлар министрлігі және Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің сенім телефондары мен ақпараттық-психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді.
Қарағандыда "АрселорМитталТеміртау" АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтасындағы апатты жою бойынша штаб құрылып, оқиға орнына басшылық ету үшін ТЖ министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов барды. Апатты жою жоспары енгізілді. Қосымша тау-кен құтқарушыларының күштері жұмылдырылды.
Ведомство мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстарына кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің 50 адамы және 8 бірлік техникасы тартылды. Сондай-ақ оқиға орнында ТЖМ бөлімшелерінің 22 қызметкері жұмылдырылған.
Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағанды қаласында (ТЖД 8-7212-51-72-23, АрселорМиттал Теміртау 8-7212-49-72-70) және Астанада (8-7172-70-41-08) "жедел желі" телефондары ашылды.
Оқи отырыңыз: АЭС: жалпыхалықтық референдум қашан өтеді