|
03.05.2020 | 12:20
14640

Мақтаарал ауданында бір түнде 12 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді

Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды

Мақтаарал ауданында бір түнде 12 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Өзбекстандағы Сардоба су қоймасында бөгеттің бұзылу салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 4 елдімекенін су басып, тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілген болатын. Сарқынды судан аудан орталығына да қауіп төнгендіктен, кеше түнгі сағат 23:00-де Мырзакенттен 12 мыңға жуық тұрғын толық Атакент кентіне көшірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігі тұрғындардың көшуін қамтамасыз ету мақсатында 68 автобус бөлінгенін мәлімдеді. Бір мезетте шамамен, 7-8 мың адам Атакент, Асықата кенттеріне тасымалданды.

Ең алдымен, оқшаулау орындарына барған тұрғындар есік алдындағы медицина мамандарының арнайы блок-бекетіне біртіндеп тіркеліп, коронавирус індетін анықтау құрылғысымен дене температурасы тексерістен өткізілуде.  Содан кейін ғана оқшаулау орындарына жіберілген.

«Төтенше жағдайға байланысты ауданда  18  эвакуациялық орындар нақтыланып, олар Атакент, Мақтарал, Жамбыл елдімекендерінде әзірленді. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды.  Қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылды.  Бұл жұмыстарға Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімшіліктері атсалысуда», - делінген әкімдік хабарламасында.  

Десек те, ауданда су басып қалу қаупі бар ауылдар да әлі де аз емес. Солардың бірі – Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Фердоуси елді мекені. Қазіргі таңда ауыл ортасындағы «Фердоуси» жалпы орта мектебінің аумағына су көтерілген.

Бұдан бөлек, зерделеу, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде су тасқыны кезінде Жаңа жол мен Еңбекші  ауылдық округтеріндегі 3 елдімекенде 1682 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шекені анықталып отыр.  

«Алдын ала болжамдық есеп бойынша 181,1 млн теңгенің шығыны есептелінген.   Атап айтқанда, 1480 гектар мақта 148 млн теңгеге,  42 гектар жоңышқа - 2,1 млн, 150 гектар бақша - 30 млн, 10 гектар жүгері - 1 млн теңгелік шығынға ұшарады деп болжануда. Сондай-ақ, аталған 4 елдімекенде 5335 мал басы тіркеліп, оның ішінде 799 мал зардап шеккен, келтірілген шығын – 249 млн теңге. Ветеринарлық 61 дәрігер Жантақсай, Фердоуси елді мекендеріндегі 3686 малды эвакуациялау жұмыстарын толық аяқтады», - делінген хабарламада.

Алайда су басып қалған аймақтарда қанша малдың суға кеткенін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Өйткені, су басқан аймаққа кіру мүмкін емес. Мамандардың айтуынша, бұзылған қоймадан келіп жатқан қашыртпа судың көлемі азаймауда. Сол себепті, төтенше жағдай саласының мамандары су басқан ауылдардағы су деңгейінің көтерілген, көтерілмегеніне көз жеткізу үшін тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуге кіріскен.

Айта кетсек, кеше түске дейін Мақтаарал ауданында орын алған жағдайға байланысты 2243 азамат қауіпсіз аймаққа көшірілсе, түстен кейін  су басу қаупі басым болған Нұрлыжол мен Фердауси ауылдарынан 415 үйдің 3200-ден астам тұрғыны қауіпсіз аймаққа шығарылды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир