Полицейлер ауыр қылмысты екі сағат ішінде ашып, сәбиді анасына қайтарды
Оқиға 8 шілде күні болған. Күзетші мен медицина қызметкерлері толы ғимараттан шақалақтың қалай жоғалғаны түсініксіз. Әйтеуір құзырлы органға жас босанған ананың өзі қоңырау шалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жедел іздеуге кіріскен Тараз қалалық полиция басқармасы, Патрульдік полиция батальоны шұғыл іске кірісіп, перзентхана маңындағы бейнекамералардың жазбасын түгел қарап шыққан. Тіпті сол жерге жақын тұрғын үй секторы мен қонақ үйлер де тексерілген. Нәтижесінде сәби перзентханадан көп алыс емес қонақүйлердің бірінен табылған.
Бүгінде бала ұрлығы секілді ауыр қылмысқа барды деген күдікпен Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Қаракемер ауылының 22 жастағы тұрғыны ұсталды.
«Аталған қылмысты екі сағат ішінде ашылып, нәресте анасына қайтарылды. Баланы алып кетті деген күдікпен Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының 22-жастағы тұрғыны ұсталды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 135-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Алдын ала сөз байласып, кәмелет жасқа толмаған жанды саудаламақшы болған әйелдің айыпты екені анықталса, оның мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жарасхан АҚБЕРДИЕВ.