Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан майордың артында екі баласы қалды
Талдықорғандағы мөлтек аудандардың бірінде белгісіз біреу атып кеткен офицердің туыстары бұл қылмыс туралы не білетіндерін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
36 жастағы майордың денесі өзі тұратын үйдің алдынан табылған болатын. Рүстем Жанықбаев Талдықорғандағы №48386 әскери бөлімшеде қызмет еткен. Сондықтан марқұмның әкесі бұл қастандық оның қызметіне тікелей қатысты болуы мүмкін дейді. Алайда майорды мерт қылғандардың кім екені әзірге белгісіз.
Тәртіп сақшылары әскериге оқ атқандарды іздеуге кірісті. Рүстем Жанықбаевтың өлі денесі өзі тұратын үйдің алдынан кеше кешқұрым табылған. Талдықорғандағы Қаратал ықшамауданындағы аулада жатқан марқұмды куәгерлер көріп, жедел-жәрдем шақыртқан екен. Алайда дәрігерлер келгенше 36 жастағы майор жан тапсырған. Оны белгісіз біреулер аңшы мылтығымен бетіне атыпты.
«Баламды артынан келіп, желкесіне қару тақап келіп, «Рүстем» дегенде, жалт қараған. Сол сәтте бетінен атқан. Не үшін өлтірді? Білмеймін. Кімге жаманшылық жасады?", - дейді марқұмның әкесі Сейітхан Жанықбаев.
Полицейлер кешелі бері күдіктілер мен куәгерлерді іздестіріп жатыр. Жақын маңдағы бейнекамералар тексерілген. Алайда әзірге ешқандай ілік жоқ екен.
«Бұл дерекке қатысты жедел іздестіру тобы құрылды. Топтың құрамына тәжірибелі мамандар жұмылдырылды. Қазір қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған кеңауқымды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Серік Үпиев.
Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан майордың артында екі баласы қалды. Қазір облыстық полиция департаменті адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, әскери бөлім қызметкерінің өлімін Ішкі істер министрі өз бақылауына алды.