Оқиға Түркістан облысы Отырар ауданында орын алған
Отырар ауданында көпірден секіріп кеткен бойжеткен құтқарылды. Оқиға орнына жедел жеткен полиция аға сержанты қызды судан алып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға сәуір айының соңында Отырар ауданындағы су ағатын үлкен каналда орын алған. Бойжеткеннің суға секіріп кеткенін көрген адамдар бірден полицияға хабар берген.
«Отырар АПБ-нің кезекші бөлімі жақын маңдағы полицейлерге хабар беріп, оқиға орнына бағыттаған. Жедел жеткен полиция аға сержанты Рақымжан Ниязбекұлы ештеңеге қарамастан суға гүмп беріп, сүңгіп кетеді. Шапшаңдық танытып, су түбіне қарай батып бара жатқан бойжеткенге жетіп, құтқарып қалады. Біраз уақыт сумен арпалысып, су жұтып қыз, оқиға орнына жеткен жедел жәрдемнің көмегімен бірден ауруханаға жеткізілді. Жан сақтау бөліміне түсіп, емделіп, біршама күннен кейін үйіне шығарылды», - делінген ТО ПД-нің баспасөз қызметінде.
Қыздың ата-анасы өз өмірін қауіп-қатерге тіккен полицейге алғыстарын білдірді.