Алматыда мас күйде адам қағып кеткен әйел ұсталды

18.11.2019 15:51

Әйелдің қалғып кеткенінің кесірінен жаяу жүргінші оқиға орнында тіл тартпай кетті

Алматыда жаяу жүргіншіні қағып кеткен әйел ұсталды. Ол апат кезінде мас болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Hyundai маркалы автокөліктің жүргізушісі, 1992 жылғы С. есімді азаматша мас күйде жаяу жүргіншіні қағып кетті, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі «Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.

Еске салайық, жол апаты MEGA Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығына қарама-қарсы жолда болған. Әйел ұйықтап кетіп, көлік жол жиегіне шығып кеткен де, сауда ойын-сауық орталығының автотұрағына кіреберісте жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Оқиға салдарынан жүргізуші жеңіл жарақат алды, ал жаяу жүргінші оқиға болған жерде қаза тапты.