Пышақ көрсетіп, қорқытпақ болған. Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты өткен кезекті сот отырысында Нұралы Қиясов спортшыны қалай өлтіргенін бүге-шігесіне дейін баяндады.
Пышақ көрсетіп, қорқытпақ болған. Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты өткен кезекті сот отырысында Нұралы Қиясов спортшыны қалай өлтіргенін бүге-шігесіне дейін баяндады.
Ол Денис Теннің санына 2 рет пышақ сұғыпты. Бірақ спортшы сол жерде тіл тарпай кетеді деп ойламаған көрінеді. Айтуынша, адам өлтіру қаперінде болмаған. Тек ақша табу үшін айна ұрлығына барған. Белгілі болғандай, Құдайбергенов мәнерлеп сырғанаушының көлігінен айнаны шешіп жатқанда, Қиясов сол маңда күзетте тұрыпты. Бөгде адамдар көзге түссе, ол дереу досына хабарлап отырған. Бірақ неге екені белгісіз, Қиясов Денис Теннің көлігіне келгенін аңғармай қалған. Тек Құдайбергенов екеуі төбелесіп жатқанда бірақ көріпті-міс.
«Ол Арманмен бетпе-бет тұрды, мен арт жағынан бардым ғой. Денис Теннің қолынан тарттым өзіме қарай, ол кісі маған қарады. Сосын қолымда пышақ болды, мен ол кісіге көрсеттім, ол кісі қашып кететін шығар бізден деп ойладым. Ол кісі қорықса қашады, біз де былай қарай қашамыз деп ойлағанмын. Ол кісі қорықпады, сол кезде пышақ кіріп кетті ғой. Мен тек қашып кетуді ойладым, негізі ол кісі қайтыс болады деп мүлдем ойламадым», – деді сотталушы Нұралы ҚИЯСОВ.
Арам пиғылын жүзеге асырған соң Қиясов қолындағы пышақты қылмыс болған жерден 20 метр әрірекке лақтырып қашыпты.
Естеріңізге сала кетсек, Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов «Адам өлтіру», «Ұрлық» және «Қарақшылық» баптарымен айыпталса, Жанар Толыбаева «қылмысты жасырғаны» үшін істі болып отыр.
Айта кетсек, 38 томдық атышулы іс бітуге таяды. Судья сот қатысушыларына осы аптада жарыссөзге дайындық басталатын жеткізді. Бұған дейінгі отырыста Құдайбергенов және Толыбаевадан жауап алынған болатын. Олар өз кінәларын мойындамай, ақталған еді. «Денис Тенді білместікпен пышақтадым» деп ағынан жарылған Қиясов та спортышының анасы Оксана Теннен жалбарына кешірім сұрады.
«Оксана ханымнан кешірім сұрағым келеді, кешіре алса кешіріңіз деп кешірім сұраймын. Түсінемін, ол кісі де ана, жүрегі ауырады. Сол үшін бізді кешіріңізші», – деді сотталушы.