Мақтаарал ауданында тағы бір ауылды су басып жатыр

03.05.2020 15:32

Бүгін таңертең Өргебас елдімекенінен 1451 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді

Фото: inform.kz

Мақтаарал ауданындағы Өргебас елдімекенін де су басты. Бұл туралы облыс әкімдігі шұғыл ақпарат таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бүгін таңғы 05.00-тен бастап 250 үйі суға батқан Фердоуси ауылы бағытынан Жаңажол ауылдық округінің Өргебас елдімекеніне қарай су келе бастады. Екі ауылдың ара қашықтығы - 3 шақырым. Таңғы 8.00-де су Өргебас елдімекенінің 194 үйін басып қалды. Ауылдың 1451 тұрғыны эвакуацияланды. Көшіру барысында зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, төтенше жағдай қалыптасқан Мақтаарал ауданында су деңгейі әлі төмендеген жоқ. Керісінше, су басып жатқан ауылдар саны көбейіп барады. Бастапқыда төрт елдімекеннің халқы қауіпсіз жерге көшірілсе, түнде аудан орталығы Мырзакенттен 12 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілген.