Елордалық полицейлер жедел жәрдем бридагасына шабуыл жасаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«21 тамыз күні сағат 03.20 шамасында жедел жәрдем бригадасы кезекті шақыртуға бара жатып, жолда жатқан адамды байқаған. Дәрігерлер дереу көмек көрсетпек болғанда, ер адам оларды бас салған. Өзін агрессивті түрде ұстап, жүргізушіні бірнеше рет ұрып жіберген. Сондай-ақ, дәрігерлер бригадасына шабуыл жасамақ болып, жедел жәрдем көлігіне зақым келтірген», - делінген хабарламада.
Шұғыл түрде жеткен полиция жасағы ер адамды ұстап, «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасына жеткізді. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, 28 жастағы азамат мас күйінде болған. Бұзақылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.