|
15.07.2020 | 10:54
2345

Түркістан облысында жол жиегінде көлігін жөндеп жатқан ер адам көз жұмды

Күдікті қамауға алынып, оның жүк көлігі айып тұрағына қойылды

Түркістан облысында жол жиегінде көлігін жөндеп жатқан ер адам көз жұмды  Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында полицейлер екі адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Шардара ауданының тұрғыны түнгі уақытта Бәйдібек аудандық полиция бөліміне арызданып, Шымкент-Самара тасжолының бойында өздерін белгісіз көлік қағып кетіп, жанындағы серіктесі көз жұмғанын хабарлаған.

Шұғыл жеткен полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтады. Жол жиегінде бұзылып тұрған "VAN Hool" маркалы жолаушы тасымалдайтын автобустың ақауын жүргізуші мен оның көмекшісі тексеріп тұрған. Осы кезде "Газ-53" маркалы белгісіз жүк көлігі  автобустың жанынан соғып, одан кейін сол жерде тұрған марқұм мен көлік жүргізушісін қағып өтеді. Содан кінәлі жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.

Салдарынан автобус жүргізушісі жеңіл дене жарақатын алса, оның көмекшісі оқиға орнында көз жұмған.

Жүк көлігінің жүргізушісін ұстау мақсатында Бәйдібек аудандық полиция бөлімі қызметкерлері жедел іздестіру шараларын бастады. Нәтижесінде жүк көлігі Сайрам ауданынан табылып, автокөлікті жөндеуге қалдырып кеткен күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты.

Тексеру барысында күдікті жол апатын жасап, оқиға орнынан бой тасалағанын толық мойындады. Күдікті қамауға алынып, оның жүк көлігі айып тұрағына қойылды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир