Қостанай облысында «Пәтер» жедел алдын алу шаралары барысында қомақты қаржы ұрлаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақпаратты облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратты.
«2019 жылғы 30 қаңтарда Қостанай қаласындағы 5 шағын ауданда қомақты қаржы ұрлаған күдікті қолға түсті. Ол пәтерге кіріп, ішінде 10 млн теңге және алтын бұйымдар болған сейфті ұрлап әкеткен. Жалпы шығын - 11 млн теңге», - делінген ПД баспасөз хабарламасында.
Осы іске қатысты полицейлер 30 жастағы қала тұрғынын ұстады. Бұған қоса, тәртіп сақшылары тағы бірнеше ұрлық оқиғаларын ашты. Жақын күндері Құсмұрын ауылының 21 жастағы тұрғыны қолға түскен.
Ол 24 қаңтарда түн мезгілінде ауыл дүкенінің есігін бұзып, ақша, алтын бұйымдар және азық-түліктерді ұрлап кеткен. Шығын көлемі - 600 мың теңге. «Пәтер» жедел алдын алу шаралары кезінде ұялы телефон ұрлықтары да ашылды. 9 мобильдік құрылғы иелеріне қайтарылды.