Астанадан ҚР Төтенше жағдайлар министрі ұшып шықты
Алматыда өртке оранған хостелден эвакуацияланған адамдардың басым бөлігі - шетел азаматы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, эвакуацияланған адамдардың көбі - шетел азаматы.
- Хостел әкімшілігінің айтуынша, өз бетімен сыртқа шыққан адамдардың дені - Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан елдерінің азаматы. Арасында қазақстандықтар да бар. Қаза тапқандардың кім екені анықталып жатыр,- деді Нұрлан Атығаев.
Сонымен қатар департамент басшысы өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай болғанын мәлім етті.
- Үш қабатты ғимараттың жертөлесінен хостел ашқан. Бұл заңға қайшы. Себебі жертөле қанша жерден жабдықталса да, адам тұруға арналмаған,- деді Нұрлан Атығаев.
Белгілі болғандай, Астанадан ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов ұшып шықты.
Еске салайық бүгін мегаполисте хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты.
Дәрігерлер өрттен зардап шеккен 2 адамға көмек көрсетті. Олар ауруханаға жеткізіліп, кейін амбулаторлық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілді.
Оқиға орнынан 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.
Оқи отырыңыз: Жатақханадағы алапат өрттен құтқарылғандар уақытша мектепке орналастырылды