СҚО-да жыл басынан бері 60-қа жуық адам жоғалған

Фото: polisia.kz
Фото: polisia.kz
Із-түзсіз жоғалғандардың көбі жақындары алаңдап қалады деп мүлдем ойламайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жыл басынан бері із-түзсіз жоғалған 58 адамды іздеп тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Із-түзсіз жоғалғандарды іздеу – полицейлердің көптеген бөлініс күштерін жұмылдыруды талап ететін жұмыс желісі. Әр фактіні криминалдық полиция қызметкерлерімен бірлесе учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полицейлер тексереді, қоғамдық тәртіпті күзететін полицияның кешенді күштеріне бағдарлар түседі. Іздестіру іс-шараларының тәртібі ағымдағы жағдайға, жоғалған адам туралы қолда бар мәліметтерге байланысты болады.

Мәселен, Қызылжар ауданының тұрғынын іздеуге ТЖД қызметкерлері белсене қатысты. Жоғалған адамның диагнозы ауыр екені белгілі болды, сол себепті ойламаған жерден оқыс әрекет жасауы мүмкін екенін ескере отырып, полицейлер мен құтқарушылар елдімекендерді, орман алқаптарын, өзен-көлдерді, тоғандарды қарап шықты. Абырой болғанда, ер адам қала шетінен дін-аман табылып, уайымдаған ата-анасына табыс етілді.

Полицейлер тәжірибесі көрсеткендей, маусымның жылы кезінде ішімдікке салынған тұлғалардың жоғалуы жиілейді. Мұндай жағдайда із-түзсіз жоғалғанды іздестіру кезінде ең алдымен, олардың әдеті ұқсас таныстарына назар аударылады. Сонымен қатар, көңіл-көтеру орындары, жалдамалы пәтерлер тексеріледі. Петропавл қаласының 20-шағынауданында үйінен кетіп қалған 38 жастағы әйел дәл сондай әдіспен іздестірілді. Анасы қызының жоғалуы туралы хабарламас бұрын, келеді деген оймен бір айға жуық күткенін мойындайды, кейін полицияға жүгінген. Із-түзсіз жоғалған әйел бұған дейін де ішімдікке үйір болып, үйінен жиі кетіп қалып отырған. Полицейлер 6 күн бойы іздеу жүргізіп, әйелді қаланың басқа ауданындағы құрбысының үйінен тапты. Әйел анасының полицияға жүгінгеніне аң-таң болған, себебі, ол өзінің бұл әрекетін қалыпты жағдай деп санаған.

«Із-түзсіз жоғалғандар жақындары алаңдап қалады деп мүлдем ойламайды. Жасөспірімдер достарының үйінде түнеуге қалатыны туралы ата-аналарына хабарласпай, телефондарын сөндіріп қояды. Ересек адамдар туыстарының мазасызданатынын елемей, бөтелкелестерімен бас қосқанды тәуір көреді. Жыл басынан бері облыста тұрғындардың із-түзсіз жоғалуының 58 фактісі тіркелді, оның 16-сы – ішімдікті асыра пайдаланатындар (тоғыз ер адам және жеті әйел). Барлық жоғалғандар іздеп табылды, оның ішінде 47 адам бірден табылды», — дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.


Новости партнеров