Бүгін Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» шағын ауданындағы бес қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Өрттен құтқарушылар барлығы 70-ке жуық адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға бүгін сағат 01.00 шамасында болды. Облыс орталығындағы «Ақмешіт» шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйде электр қалқаншасы мен шатырдағы үй-жайда жану оқиғасы тіркелді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері гидравликалық құралдарды пайдалана отырып, люкті кесу арқылы шатырдағы үй-жайға кіре алды.
«Онда жалпы ауданы 195 шаршы метрді құрайтын қоқыс, тұрмыстық қалдықтар, ескі матрастар, пластикалық бос ыдыстар жанған. Департамент мамандарының күшімен жоғарғы қабаттағы пәтерлерден барлығы 9 газ баллоны шығарылды. Оның 8-і – 27, 1-і 50 литрлік газ баллоны болған. Өрттен баспалдақ арқылы 50 адам эвакуацияланды, оның ішінде 20 бала бар. Ал 4 және 5 қабаттан өрт сөндіру автосатысы арқылы 19 адам құтқарылды, оның ішінде 13 бала бар. Өрт сөндірушілердің біріккен іс қимылының нәтижесінде өрт 02:54 кезінде толық сөндірілді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз маманы Әлия Ережепова.
Қазір тұрғын үй электрден ажыратылды. Тұрғын үйдің екінші подъезінің тұрғындары туысқандарының үйінде жіберілді. Оқиға орнына полиция қызметкерлері подъезде күзет ұйымдастырды.
Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.