Кентауда желмен ұшқан мектеп шатыры мұғалімнің басына түсті

05.05.2023 16:04

Ол ауруханада жатыр

elements.envato.com

Кентауда желмен ұшқан мектеп шатырының бөлігі мұғалімнің басына түсті, ол ауруханада жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қатты желден Кентау қаласындағы мектеп пен колледждің және тұрғын үйлердің шатыры ұшып, халықты әбігерге салуда.

Кешегі күні қала орталығында орналасқан Ы. Алтынсарин атындағы №1 мектептің де шатыры құлап, аулада кетіп бара жатқан ұстаздың басына түскен болатын. Бірден ауруханаға жеткізілген педагогке алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. 

«Қазір науқастың жағдайы орташа. Басындағы самай бөлігіндегі жарақат тігілді. Травматология бөлімінде ем алып жатыр», - деді Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Утебаев.

Еске салайық, Түркістан облысында бірнеше күннен бері қатты жел соғып, үйлер мен өзге де нысандардың шатыры бүлінді, мыңдаған абонент жарықсыз қалып, сабақтар онлайн форматқа ауыстырылды.

Кентау қаласында мектеп пен колледж шатыры ұшып кетті, барлық бастауыш сынып оқушылары қашықтан білім алуға көшірілді.