Мұхтардың әкесі де тура осындай ұшақ апатынан 20 жыл бұрын қайтыс болған
Алматыдағы ұшақ апатында көз жұмған ең жас әскери қызметкердің өмірі туралы бұрынғы әріптесі айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
25 жастағы аға лейтенант Мұхтар Сағымбаевтың әріптестері оның өмірі әкесінікіне ұқсас болғанын айтады. Осылайша лейтенанттың бұрынғы әріптесі тың деректермен бөлісті.
«Ол бала 25 жаста еді, үйленбеген. Мұхтардың әкесі де тура осындай ұшақ апатынан 20 жыл бұрын қайтыс болған. Әкесі шекара авиациясында қызмет атқарып жүріп, 2001 жылы ақпан айында мерт болды. Енді баласы да әкесінің тағдырын қайталап отыр», – деді әріптесі.
Оған қоса, Мұхтар Сағымбаев анасы алған ипотека бойынша банкке қосымша қарызгер болған.
Еске салсақ, 13 наурызда Нұр-Сұлтан – Алматы бағытында ұшып шыққан ҰҚК әуе қызметінің АН-26 ұшағы апатқа ұшырады. Бортта болған 6 жолаушының 4-і қайтыс болды. Алматы маңындағы ұшақ апатының үш негізгі себебі айтылды. Ан-26-ның «қара жәшігі» әлі де тексеріліп жатыр.