Медеу мен Шымбұлақ арасындағы қураған шөп өртеніп жатыр деген ақпарат күндізгі 11.00 шамасында шыққан болатын. Оқиға орнына Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті, Бірнеше техника және өрт сөндірушілер келді делінген хабарламада. Алайда, тілшілерді Медеуден ары жіберген жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өрт сөндірушілер бірнеше минут бұрын өрттің жоқ екенін айтып қайтып кетті. Ресми ақпарат алу үшін қаланың төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысымен хабарласу мүмкін болмады әзірге.
Есте болса, 11 тамыз күндізгі 14.00-де Көктөбе маңында өрт тұтанып, оқиға орнына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барған еді. Тілсіз жауды өшіруге тікұшақтар мен бірнеше техника жұмылдырылған. Артынша екінші нүктеден де от шығып, жалпы аумағы 20 гектар алқап жанып кеткен болатын. Құтқарушылар оқиға болған жерден адам мәйітін тапты. Бүгінде осыған қатысты қылмыстық іс те қозғалған.
Ал, кеше үшінші бір жерден өрт шыққан еді. Төтеншеліктер оны 3 сағат ішінде сөндірді. Жалпы өрттің шығуына күннің қатты ысуынан шөптер мен ағаштардың кеуіп кеткені себеп болған.
Өмір Әнуарбек болатын, «Алматы» телеарнасы