Алматыда ұрланған телефондарды сатып алумен айналысқан жігіт құрылғыларды Қырғызстанға өткізбек болған кезінде ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Түркістан облысының 1994 жылы туған С. есімді тұрғыны ұсталды. Қылмыстық полиция материалдарынан ер адамның ұрланған мобильді құрылғыларды сатып алумен айналысқаны көрсетілген. Кеше ол телефондарды Қырғызстан Республикасындағы «серіктестеріне» беріп жіберуге тырысқан.
«Күдіктінің қылмыстық әрекетін дәлелдеу үшін жедел шаралар кешені жүргізілді. Жігітті ұстау кезінде 65 ұялы телефон табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта телефондардың кімдікі екендігі анықталып жатыр. Барлық тәркіленген тауарлар қылмыстық жолмен келген деген болжам бар. Әр ұялы телефон тұрғындар жазған арыздар сипаттамасы бойынша тексеріліп жатыр. Қазірдің өзінде 10-ға жуық мобильді құрылғының иелері анықталды. Бұған дейін олар полиция қызметкерлеріне мүліктерінің ұрлануына қатысты арыз жазған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабы – ұрланған заттарды сатып алу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды», – деді Алматы қалалық Полиция департаментң басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов.
Кеше телефонын алып кетуге бес азамат келген.
«Мен екі ай бұрын ұрлатып алдым. Үміт, әрине, аз болды. Күніне 100 адамның мен сияқты телефон ұрлатып жататынын түсінемін. Жақында маған полиция бөлімшесінен қоңырау шалып, телефонымды тапқандарын айтты. Шынымды айтсам, қатты таңқалдым әрі қатты қуандым. Сондықтан полицияға зор алғысымды білдіргім келеді», – дейді өтініш білдірушілердің бірі.
«27 ақпанда менің жасөспірім ұлымның телефонын ұрлап кеткен еді. Осы уақытқа дейін телефонды табады деген үмітімізді жоғалтпадық. Бүгін полция қызметкерлері бізге оны тауып, қайтарып берді. Өте қуаныштымын. Барлық қызметкерлерге алғысымды айтамын», – дейді ұялы телефоны ұрланған баланың анасы.