Оқыс оқиға Ақжар ауданында болған
Солтүстік Қазақстан облысында симментал бұқасы балық аулап отырған 67 жастағы балықшыны сүзіп өлтірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға Ақжар ауданында орын алды. Біраз уақытқа малды қараусыз қалдырған бақташы қайтып бара жатқанда жаралы ер адамды көрген. Ауыр жарақат алған ауыл тұрғыны аудандық ауруханаға жеткізілгенде қайтыс болды. Ал бақташы денсаулыққа зиян келтіруге әкеліп соқтырған, мал жаю ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша жазаланды. Дәл сол күні тағы бір қайғылы оқиға орын алды. 60 жастағы ер адам ат үстінен құлап, мерт болды.
«Көптеген жарақат алған ауыл тұрғыны аудандық ауруханада қайтыс болды. Жалпы аталған фактілер бойынша аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері тексерістер жүргізіп, сараптама дайындады. Оның мақсаты – оқиғаның қылмысқа қатысы бар ма жоқ па екенін анықтау», – деді СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің инспекторы Нұрбек Баекин.