Павлодарда өртенген пәтерден ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 10 қаңтар күні сағат 14:25-те 101 пультіне Набережная көшесі, 5 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
«Оқиға орнына келген кезде бір бөлмелі пәтерде жалпы ауданы 6 шаршы метр үй заттары мен жиһаздар жанып жатқаны анықталды. Өрт орнынан 1960 жылы туған ер адамның мәйіті табылды», - деді Павлодар қаласының төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Галямов.
Тілсіз жау сағат 14:51-де ауыздақталып, сағат 15:00-де толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Оқиға орнына Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің 28 қызметкері мен 8 бірлік техникасы, медицина және апаттар орталығының 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.