Таразда 80 жастағы зейнеткерді өлтіріп, денесін балтамен бөлшектеп, арыққа лақтырып тастаған ер адам тұтқындалды. Қала тұрғындары кейуананың денесінің кей бөлшектерін арықтан және бақшадан тауыпты, деп хабарлайды Stan.kz Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 26 тамызда арықтан әйелдің денесі табылғаны туралы қоңырау түскен. Шұғыл іздестіру шараларының барысында мәйіттің 80 жастағы қала тұрғынына тиесілі екені анықталған.
Полиция күдіктіні жарты сағаттың ішінде тапты. Ол қаланың 57 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Анықталғандай, егде жастағы әйелді қайтыс болған ұлының 57 жастағы досы өлгенше сабап тастаған. Ер адам жерлеу рәсіміне келіп, артынша кейуананың үйінде қалған. Сол күні ол мас болып, үй иесімен сөзге келіп қалады. Артынша кейуананы ұрып тастаған. Кейуана алған жарақатының салдарынан оқиға орнында көз жұмған. Ер адам қылмысын жасыру үшін мәйітті қапқа салып, арыққа тастаған», - дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
КТК арнасының мәліметінше, ер адам кейуананың денесін балтамен бөлшектеп, қапқа салып, арыққа ағызып жіберген. Қала тұрғындары арықтан және бақшадан әйелдің денесінің кей бөлшектерін тауып алған.
Белгілі болғандай, ер адам бұған дейін адам өлтіргені үшін сотталған екен.
Күдікті кінәсін толықтай мойындап, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
ҚР ҚК 99-бабы 1-тармағына (Кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.