Алматы полициясы жол үстінде абай болуға шақырады

фото из открытых источников
фото из открытых источников
Ауа-райының нашарлауына байланысты жол қозғалысы ережелерін және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды еске салады
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Алматыда көктайғақ кесірінен бір күнде 25-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 10 көлік зардап шекті және бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға түсті. Бір тәулікте қаладағы жедел және шұғыл көмек көрсету ауруханасының кезекшілік бөліміне 25 адам түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Бүгін таңалакеуімнен Әл-Фараби мен Жароков көшелерінің қиылысында 20-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көлік апаты болып жатқан дабыл полиция департаментіне таңғы сағат 6.00-ден бастап түсе бастапты. Алматыда кешелі бері жауған қар қала көшелерінде кептеліс тудырып, жүріс-тұрысты қиындатып тұр.

Көлік апатының басым бөлігі Сейфуллин даңғылы мен шығыс айналма жол бойында болған. Соның салдарынан 13 адам түрлі жарақат алып, оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Қалалық полиция департаменті мамандарының хабарлауынша, қала көшелеріндегі қозғалыс дер кезінде бақылауға алынған. Тіркелген әрбір факт жіті тексеріліп, қажетті шара қолданылады.

«Жол-көлік оқиғасының бірі Жароков көшесінің бойында орын алды. 13 автокөліктің соқтығысуынан 2 адам зардап шекті. Оның бірі 12 жасар жасөспірім екені белгілі болды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Десек те, бұл оқиғаның бәрі де көктайғақтың себебінен. Сонымен қатар жол қозғалысын, арақашықтықты сақтамау салдарынан болып отыр», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұл күндері коммуналдық қызметкерлердің жұмысы екі еселенетіні белгілі. Жұмысшылар жолдар мен тротуарларды күндіз түні тазалап жатыр. Кешелі бері 11 арнайы техника мен 20 трактор көшелерге 1800 тонна құм мен тұз сепкен.

«Ауа райының күрт құбылуына байланысты арнайы кезекшілік топ құрдық. Қазір қала көшелерін тазарту үшін 1460 адам мен 709 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жағдай бақылауымызда», - деді Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Александр Сергеев.

Синоптиктердің айтуынша, Алматыда қар аралас жауын-шашын алдағы аптаға дейін сақталады. Ауа температурасы күндіз 0 градустан жоғары болса, түнде -7-ні көрсетеді. Ал тау бөктеріндегі аудандарда тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров