Таразда газ тарағаннан кейін «Қазфосфат» зауытында жоспардан тыс тексеріс басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кәсіпорын берген ақпарға сәйкес, абсорбердің моногидратты сорғысы істен шыққан. Нәтижесінде фторлы сутегі едәуір артып, қоршаған ортаға тарала бастаған. Бастысы адам өміріне қауіп төндіретін улы заттар анықталмапты. Қазір минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тараздағы экологиялық жағдай тұрақты
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша экологтар, ТЖД мамандары және басқа да жауапты тұлғалардан жұмыс тобы құрылды. Топты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет басқарады.
«Дүйсенбі күні сағат 20:00 де «Қазфосфат» зауытында қысқа мерзімді түтіннің шығуы болды. Бұл бойынша Облыс әкімінің тапсырмасымен шұғыл түрде экологтар, ТЖД мамандары және басқа да жауапты тұлғалардың қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды», – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет.
Әкімдік өкілдері Жамбыл облысы бойынша Экология департаменті өлшем жасап, «аммиак пен күкірт сутегі бойынша ШРК-дан аспағаны, ал фтор қосылыстары шамалы артқанын» айтты.