Колония басшылығы қатаң шара қабылдап, абақтыны күшпен бақылауға алуға мәжбүр болды
Душанбеде жексенбіге қараған түні жазасын өтеп жатқан бір топ содыр бүлік шығарып, түрменің үш күзетшісін өлтірді.
Бүлік Тәжікстан астанасы Душанбеден 15 шақырым жерде орналасқан колониядан шыққан, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Жазасын өтеп жатқан бүлікшілер ДАИШ экстремистік ұйымына мүше болғаны үшін сотталған екен. Олардың барлығы пышақ және басқа да өткір заттармен қаруланған.
«Шамамен 30 адам өздерін босатуды талап етіп, үш қарауылды кепілге алып, өлтіріп тастады», - делінген Тәжікстан әділет министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Түрме басшылығы тұтқындармен бірнеше сағат бойы келіссөз жүргізген. Алайда бүлікшілер колония әкімшілігінің қызметкерлеріне тағы да шабуыл жасап, салдарынан кейбірі жарақат алды.
Осыдан кейін түзеу мекемесінің басшылығы қатаң шара қабылдап, абақтыны күшпен бақылауға алуға мәжбүр болды. Тұтқындардың кейбірі көз жұмды, олардың саны нақтыланып жатыр.
«Қазіргі таңда Вахдат колониясында жағдай тұрақты және бақылауға алынды», -деп хабарлады Тәжікстанның әділет министрлігі.
Құқық қорғау органдары осы факті бойынша тергеу жүргізіп жатыр.