2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстанда 1,6 мың сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы тіркелді. Бұл былтырмен салыстырғанда 11,1%-ға артық деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Ең көп сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы Қарағанды облысында тіркелді: 207 дерек, бір жылда 3 есе өскен. Кейін тізімде Астана (144 дерек, бір жылда 2,9% өскен) және Шымкент (129 дерек, 25,2% өскен) қалалары тұр.
Ең аз құқықбұзушылық жаңадан құрылған облыстар – Ұлытауда (2 дерек), Абайда (9 дерек) және Жетісуда (15 дерек) тіркелді.
Қылмыстың басым бөлігі ауыр – 1,1 мың іс. 342 дерек орташа ауырлық дәрежесіне, 69 дерек жеңіл дәреже, 25 дерек ерекше ауыр санатқа жатады.
Пара алу барлық сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығының 28,7%-ын құрады: 449 дерек. Өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға аз.
Жиі жасалатын қылмыстың қатарында пара алу (424 дерек,бір жылда 10,7% артқан) және алаяқтық (280 дерек, 2 есе өскен). Кейін лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану (112 іс, 6,7% азайған), сондай-ақ басқалардың сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе жымқыру (98 дерек, 30,5% азайған).
Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотқа тартылғандар саны – 639 адам. Бұл былтырмен салыстырғанда 13,5%-ға аз.
Мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық қылмысын көбінесе әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері жасайды: 118 адам, бір жылда 9,2% азайды. Кейін тізімде ішкі істер органдарының қызметкерлері (112 адам) және Қаржы министрлігінің қызметкерлері (39 адам) тұр.
Сондай-ақ жыл басынан бері 5 әкім, 1 судья, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 7 қызметкері, прокуратураның 2 қызметкері де жемқорлықпен ұсталды.
Айта кетейік, биыл қарашадан бастап жемқор шенеуніктерден тәркіленген ақша мектеп құрылысына бағытталады. Бұл – шамамен 100 млрд теңге.