Түркістан облысында балабақшадан шу шықты. Жекеменшіктегі орындардың бірінде тәрбиешінің көмекшісі шынашақтай балаға қол көтеріп, жұлқып, ұрған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл сұмдық бейнежазба мекеменің камерасына осыдан 5 күн бұрын түсіп, әлеуметтік желіге бүгін ғана жарияланды.
«Аталған оқиға Түркістан облыстық балабақшалардың бірінде болған. Қазіргі таңда аталған іс бойынша құзырлы орган жұмыс атқарып жатыр. Тәрбиешінің көмекшісі өз еркімен жұмыстан кеткен», – деді Түркістан қалалық білім бөлімінің бас маманы Жансая Орынбасарова.
Қатал тәрбиешіден теперіш көрген қыздың ата-анасы жағдайға бей-жай қарамайтынын жеткізді. Қазір бұл іске қатысты тергеу басталды.
Айта кету керек, баланың дәл осы балабақшаға келгеніне бір апта ғана болған екен. Ал 31 жастағы қызметкердің бұл мекемеде жұмыс істегеніне 5 жылдан асқан.
«Полиция Түркістан облысындағы балабақшада бала ұру дерегі бойынша тергеу жүргізуде. Анасының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жай анықталуда», – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.