Түркістан облысы полицейлері кафе ішінен “Қызыл кітапқа” енген үкі құсын тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық полиция басқармасының табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы М.Ботабек және әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы М.Қуандықов экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында Манкент ауылында орналасқан кафелердің бірінің ауласынан асырауға тыйым салынған үлкен “Үкі” құсын анықтады.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы (сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Айғақты зат ретінде алынған құс ҚР “Қызыл кітабына” енгізілген “Филин–Үкісі” болып шықты. Ол Шымкент қаласының хайуанаттар бағына жіберілді. Тәртіп сақшылары күдікті тұрғынның “Қызыл кітапқа” енген құсты қандай мақсатта ұстағанын анықтайды.
Сондай–ақ тергеу барысында тұрғын бұл құсты 2015 жылдан бері асырап келе жатқанын жеткізген. Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға ҚР “Қызыл кітабына” енгізілген сирек кездесетін жануарлармен заңсыз байланыс жасап, ұстағандар 3 мың АЕК дейінгі айыппұл немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.