Қызылорда қаласына оқуға құжат тапсыруға барған 15 жастағы бала орталық көшелердің бірінде құдыққа құлап кеткен 2 жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Арман Аманжоловтың айтуынша, бүлдіршін анасының алдына түсіп жүгіріп бара жатып, кәріз құдығына құлап кеткен.
"Баланың анасы осы сәтте телефоннан әуен тыңдап келе жатқан. Кейін анасының даусын естідім. Жүгіріп оқиға орнына барсам, бала кәріз құдығына түсіп кетіпті. Бар ойым құтқару болды. Құдыққа түстім, сол сәтте денелі бір аға жүгіріп келіп баланы алды. Кейін мені шығарды. Балшық, сасық су екенін шыққан соң білдім", - дейді Арман.
Арман Арал ауданы Бөген ауылында 2007 жылы дүниеге келген. Арман қоғамға нағыз қажет электрик мамандығын таңдап, М. Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне құжат тапсырған екен.