Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы орталық базарда 4 жасар бүлдіршін жоғалып кеткен. Базарға тұрмыстық заттар алуға келген әкесі әлі тілі шыға қоймаған қызынан көз жазып қалғанын байқамаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ТО ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өздігінен табуға тырысқанымен, нәтиже шықпаған. Қызының жоғалғанын түсінген ол бірден көмек сұрап, полицияның «102» нөміріне қоңырау шалған.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары топ-топқа бөлініп, базарға жақын және алыс аумақтарын іздестіре бастайды.
Нәтижесінде екі сағаттың ішінде адасып, көшеде жылап жүрген қызды тапқан.
«Өз кезегінде перзентінің тез арада табылғанына қуанған ата-ана риза болып, аудан полицейлеріне және Ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Жұмат Қуанышқа алғысын жеткізген», - делінген хабарламада.