Сот 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады
Шығыс Қазақстан облысында 12 млн теңге көлемінде мемлекет қаражатын жымқырған мектеп директорына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Агенттік мәліметінше, 12 млн теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша ШҚО жетім балаларға арналған мектеп-интернатының директоры А. Базархановаға қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталған.
"А. Базарханова 2013 – 2019 жылдар аралығында емдік дене шынықтыруға бөлінген ақша қаражатын ұрлап, сабақ өткізбестен, оқу сағаттарын жүргізгені үшін ақы алып отырған. Бұдан басқа, А.Базарханова интернат қызметкерлеріне қосымша жұмыс істегендері үшін ақы аударып отырған, кейін олар ақшаны есепшоттарынан шешіп, Базархановаға қайтарып берген. Шын мәнінде қызметкерлер қосымша жұмыс істемеген", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар А. Базарханова танысына қарызды қайтару үшін оның жұбайын жұмысқа алып, 729 мың теңге еңбекақы төлеп, бюджет қаражатын талан-таражға салған.
Облыстық соттың қылмыстық істер бойынша сот алқасы оның өз кінәсін мойындап, шығынды толықтай қайтарғанын, жасөспірім баласының бар екенін ескеріп, А. Базархановаға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.