Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында тағы да жарылыс болды

10.10.2021 16:44

Жақын жерде адамдар болмаған

Tengrinews.kz

Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында жарылыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомство хабарына қарағанда, 2021 жылдың 10 қазанында сағат 7.20 шамасында Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді.

«Жарылыс салдарынан оқ-дәрілердің қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Бұл жұмыстан тыс уақытта болды. Жақын жерде адамдар болмаған. Ғимараттар мен құрылыстар зақымдалмаған. Аудандағы ахуал тұрақты», делінген хабарламада.

Министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы уақытта да бұндай жағдайлар болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта биыл 26 тамызда өртенген қойманың техникалық аумағын жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салайық, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің маңында өрт шыққан болатын. Өрт салдарынан он шақты жарылыс болған еді.