Қостанайда 2 жасар бала құдыққа құлап кетті. Бұл туралы Қазақстан ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 10 тамызда сағат 17:25-те Қостанай облысы Садчиковка ауылында болған. Жеке секторлардың бірінде тереңдігі 8 метр құдықтың ұңғымасына 2 жасар бала құлап кеткен.
«Бала 3.5 метр тереңдікте кептеліп қалған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар алдымен баланың тыныс алып жатқанына көз жеткізген. Олар жедел түрде шұңқырға оттегін жіберіп, баланы шығарып алу мақсатында ұңғыманың жанынан тағы шұңқыр қазған. Құтқарушылар шұңқырдан қолы ғана көрініп тұрған баланы арқанның көмегімен шығарып алды», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Құтқару жұмыстарына 9 құтқарушы мен 2 техника жұмылдырылды. Көмекке жергілікті ауыл тұрғындары да келген. Баланы құтқару жұмыстары сағат 19:20-да аяқталды. ТЖМ балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Төтенше жағдай туындаған кезде «112» немесе «101» нөміріне қоңырау шалу керек.