ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли өзін әділет органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып жүрген алаяқтар халықты сендіру үшін мемлекеттік қызметшінің ID карталарын көрсетіп жатқанын ескертті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
- Соңғы кезде алаяқтар азаматтарға хабарласып өздерін Әділет министрлігінің басшылары немесе қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан жеке деректерін сұрауда. Осыған байланысты Әділет министрлігі бейтаныс азаматтарға немесе телефон шалған бөтен тұлғалар мен ғаламтор-ресурстарға дербес деректері туралы (жеке куәлік деректері, ЖСН нөмірі, банк карталарының мәліметі, мекенжайы) мәліметтерін таратпауды сұрайды, - деді ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Ол Әділет министрігінің қызметкерлері телефон арқылы азаматтардың жеке деректерін сұратпайтынын баса айтты.
Осындай фактілермен бетпе-бет келген болсаңыз, құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.
Әділет министрлігінің қызметі туралы қандай да бір ақпарат алғыңыз келсе, 119 нөмірі арқылы Call орталыққа хабарласуға болады.
Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстан облысында 6 адам көлік апатынан қаза тапты