Алматы облысында мас жүргізушілер анықталды

20.04.2020 17:36

Құжаттарды тексеру кезінде полицейлердің назары жүргізушінің жағдайына түскен

открытые источники

Алматы облысындағы карантиндік бекеттерде көлік құралын мас күйінде басқарған жүргізушілер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері санитарлық және тосқауыл бекеттерде өз қызметін атқару барысында бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған және көлікті алкогольдік масаң күйде қайта басқарған екі жүргізушіні анықтады. Сағат 19.00 шамасында Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының санитарлық бекетінде “Nissan Primera” автокөлігі тоқтатылған.

Құжаттарды тексеру кезінде полицейлердің назары жүргізушінің жағдайына түскен. Куәландыру автокөлікті басқарған 43 жастағы жергілікті тұрғынның мас күйде болғанын көрсетіп отыр және ол азаматтың бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығы анықталды. Күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Осыған ұқсас жағдай Талғар қаласы мен Азат кентінің арасындағы тосқауыл бекетте де тіркелген.

“Lada 21927” маркалы автокөлігін тоқтату кезінде, оның жүргізушісі Өрікті кентінің 29 жастағы тұрғынының бұрын сотпен жүргізуші құқығынан айырылғандығы және орташа дәрежедегі мас күйде екені анықталған. Айыққаннан кейін аталған жүргізуші мекен жайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылды. Екі деректе ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Автокөліктер айып тұрағына қойылды. Сотқа дейінгі тергеу материалдары тергеу амалдары аяқталғаннан кейін сот органдарына жіберілетін болады.