Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, Қызылқоға ауданының аумағында тағы да дала өрті тіркеліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.
«Бұл – аталған ауданда тіркелген дала өртінің төртінші оқиғасы. Департаменттің диспетчерлік пультіне 14 шілдеде сағат 13:50-де Миялы ауылынан 60 шақырым қашықта құрғақ шөптің өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Осыған орай өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің құрамынан 7 қызметкер 1 техникамен оқиға орнына шұғыл жетті. Олар Ойтан, Лұқпан, Қазанқап, Теміршағыл, Айыртау учаскелерінде 5 мың гектар аумақтың шөбі жанғанын анықтады», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Жайылымдық шөпті шарпыған жалынды ауыздықтауға өрт сөндірушілермен бірге, ерікті өрт сөндіру жасағынан 29 адам мен 11 техника тартылды. Өрт кеше 15 шілдеде сағат 01:55-те сөндірілген.