Көлік салонында жүргізушінің екі баласы және жары болған
Атырау облысында мас жүргізуші жол апатына ұшырады, көлік салонында жүргізушінің балалары болған. Бұл туралы өңірлік Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Назымгүл Қайсағалиева мәлімдеді.
Оқыс оқиға наурыздың 29-на қараған түні Атырау қаласында орын алған.
«Toyota Hilux маркалы автокөліктің жүргізушісі Азаттық көшесімен кетіп бара жатқан. Бір бағытта онымен бірге Nissan Maxima қозғалған. Әуезов және Азаттық көшелерінің қиылысындағы айналма жолда Toyota Hilux жүргізушісі басқаруды игере алмай, Nissan Maxima автокөлігін соққан. Ары қарай көкөніс сататын павильонды қиратқан», - деді өңірлік Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Назымгүл Қайсағалиева.
Жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізгені анықталды. Апатқа ұшыраған көлік ішінде екі баласы мен жары болған.
«Көлік жүргізушісі 1986 жылғы туылған. Оның екі баласының бірі 2012 жылы, екіншісі 2015 жылы дүниеге келгендер. Балалардың бірі ауруханаға түсті. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Медициналық қорытынды шыққанан кейін шара қолданылады», - деді Назымгүл Қайсағалиева.
Видеода көлікте отырған әйелдің жүргізушіден тоқтауын сұрап, жолға қарауын өтінген.