Алматы облысында браконьерлікпен айналысқан орманшы анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
“Уылдырық шашу” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Кеген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қарқара ауылдық округіндегі “Шарқұдық” деп аталатын учаскедегі 30 жастағы орман шаруасының үй-жайыннан екі дана аңшылық атыс қаруын, сондай-ақ 14 дана оқ-дәрі және жабайы жануардың, шамамен еліктің етін тәркіледі. Қарудың біреуінің тіркелмегені және ешқандай құжаттарының жоқ екені анықталды.
“Экологиялық құқық бұзушылықтар ең көп латенттік дәрежеге ие, олардың көбі көрінбейтін жағдайда жасалады, алайда біз оларды анықтау бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуге және экологиялық, табиғатты қорғау іс-шараларын жиі өткізуге тырысамыз. Барлық азаматтарды заңды бұзбауға, браконьерлермен, табиғатқа залал келтірушілермен күресте құқық қорғау органдарына көмек көрсетуге шақырамыз”, – дейді Алматы облысы Кеген аудандық полиция бөлімінің басшысы Ерлік Уркинбаев.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (заңсыз аң аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тәркіленген жануардың еті биологиялық сараптамаға жіберілді. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 16 сәуірде басталған жалпыреспубликалық “Уылдырық шашу” жедел-алдын алу іс-шарасының барысында Алматы облысының құқық қорғау органдары табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 72 құқық бұзушыны анықтады.
Оның ішінде 49 дерек – заңсыз балық аулау, 18-заңсыз аң аулау, 5 – заңсыз ағаш кесу және өсімдіктер жинау. Іс-шара барысында 300 келіден астам балық, екі жабайы жануарлар еті, бес резеңке қайық, 29 балық және аң аулау құралдары: үш бірлік атыс қаруы, желілер, моторлар, аккумуляторлар, фар іздегіштер, шаншу құралдары, ілмекті құралдар және өзге де құралдар тәркіленді.