2018 жылы азаматтық авиацияның ұшақтары бір де бір апатқа ұшырамаған
Апат айтып келмейді. Алматы маңындағы бүгінгі ұшақ апаты осыны тағы бір дәлелдеді. 2014 жылдан бері еліміздегі азаматтық авиацияға тиесілі әуе көліктері осымен 27 рет апатқа ұшыраған. 11-інде адам шығыны тіркелмесе, қалған оқиғалардан 40-тан аса адам опат болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дереккөздерінің мәліметінше, апаттардың басым көпшілігі ұшқыштардың қателігінен. 2014 жылы 4 оқиға болып, 2 адам қаза тапса, 2015-те 7 апат 8 адамның өмірін жалмапты. 2016 жылы әуе көлігі 5 рет құлап, 7 адам көз жұмған.
Ұшақ апатының ең көп тіркелгені 2017 жыл. Бұл жылда 8 оқиға тіркеліп, 11 адам мерт болса соның екеуі Алматы облысында құлаған. Бұл апаттан 4 адам көз жұмған. Сол жылдың 27 маусымында Жаркент маңында «Қазавиа» компаниясының ЯК-12 ұшағы құлады. Әуе кемесі жүгері алқабын залалсыздандыруға шыққан. Одан кейін 10 тамыз күні оқу-жаттығуға арналған Тeхнам-2002 ұшағы апатқа ұшырады. Жаңа ұшақ азаматтық авиация академиясына тиесілі болатын. 2017 жыл 25 тамызда Алматы облысы, Балқаш ауданының Баймен елді мекенінде «Олжас бастау» мекемесінің ұшағы құлады. Ұшақ бортында командир мен бір жолаушы болған. Апатқа ұшақ қозғалтқышындағы ақау себеп болған. Қозғалтқыш істен шыққан соң ұшқыш шұғыл қонуға үлгермей қалған. 3 қазанда Алматыдан Шымкентке санитарлық рейспен бара жатқан Ан-28 ұшағы жантүршігерлік апатқа ұшырады. Әуе кемесі жергілікті уақыт бойынша 18:35-те әуеге көтерілген, 10 минуттан кейін локаторлардан сигнал жоғалған. Оның ішінде экипаждың үш мүшесі, екі дәрігер - жалпы бес адам болған. Ұшақ Алматы облысының Іле ауданында, Междуречинск ауылының маңына құлап, ішінде болған бес адамның барлығы қаза тапты. 2017 жылғы 25 ақпанда Аягөз қаласынан 60 шақырым жерде, Қожа елді мекенінің маңында «Стрекоза 7» тікұшағы құлаған. Апат салдарынан ұшқыш қаза тауып, жолаушы жеңіл жарақат алған. 2018 жылы әуе кеңістігінде ешқандай оқыс жағдай болмаған. Ал биылғы жылдың соңындағы бұл апат қазақ елі үшін орыны толмас тағы бір қайғыға ұласты.